Әл-Хаййу (Тірі) — ең кемел әрі толық өмірмен тірі, болмысы ешқандай себеп пен шартқа тәуелді емес, басы да, соңы да жоқ Тұлға. Оның өмірінің кемелдігі — Оның ешқашан сергектігін жоғалтпайтынында, шаршамайтынында, мүлгімейтінінде және ұйықтамайтынында. Оның мүмкіндіктері уақыт өте келе таусылмайды және Ол күш жинау үшін демалысқа мұқтаж емес. Оның өмірінің толықтығы — Оның абсолютті құдіретке, естуге, көруге, білімге және басқа да құдайлық сипаттарға ие болуында және қалаған нәрсесін істей алуында.
Құранда аталуы: 5 рет.
Дәлел: Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. оның хұзырында өзінің рұхсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да арттарындағыны да біледі. Олар, Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (Алла тағаланың екі аяғына арналған орын) көктер мен жерді сыйдырады. Оған, ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Және Ол, өте биік, аса зор. (Сүре 2 «Бақара», Аят 255)