3.8 Алланың ерекше рақымы және адасудан құтылу үшін дұға
Бұл – басында Алланың ізгі пайғамбарлары тұрған шынайы мүміндер Алла Тағалаға жүгінетін кезекті дұға. Рабб оларды Өз Кітабында айтып, бізге Оның разылығына, сондай-ақ екі дүниеде игілік пен бақытқа жетуге көмектесетін осы көркем дұғаларды үйретеді. Алла Тағаланың Өз Кітабында Оған осындай дұғалармен жалбарынатын адамдарды мақтауы тегін емес.
Бұл пайғамбарлардың мұрагерлері болған ғалымдардың, дін білгірлерінің дұғасы; олар пайдалы білім алу мүмкіндігін ең жақсы түрде пайдаланған. Бұлар дінді терең әрі дұрыс түсінетін, ол туралы дұрыс түсінігі бар ақыл иелері. Берік иман және ұстанатын діндерінің ақиқаттығына сенім жүректерінде биік мақсаттар тудырады. Бұлар жақсы сөздерімен және Алла разы болатын істерімен әрқайсымызға көркем үлгі көрсететін адамдар. Олардың ізімен жүрген зиян шекпейді және аңсаған құтылуына жетеді. Дұғалары да басқа істерінен кем көркем емес.
«Раббымыз!» – деп жалбарынады олар. Әй, бәрін жаратқан, бәрін басқаратын және бәрі, соның ішінде құлдарының жүректері де Өзіне бағынатын Зат! «Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқытпа.» Құранның анық аяттарынан бас тартып, адасуға түскен, өзі адасып қана қоймай, басқаларды да адастырғандарға ұқсауымызға жол берме; білімде берік, өздері тура жолмен жүретін және бұл жолды басқаларға көрсетуге ұмтылатын шынайы мүміндерден айырмашылығы.
Бұл дұға – әдептің ғажайып үлгісі. Осы дұғамен Алла Тағалаға жүгінген мүміндер өздері үшін зор мәні бар және маңыздылығын толық сезінген нәрсені сұрағылары келсе де, дұғаның мәнінен, осы сөздермен Раббыға жалбарынғанда орындалуына үміт артқан қымбат арманнан бастамады. Олар Оның Раббылығын атаудан бастады, содан соң оларды тура жолға салып көрсеткен ұлы мейірімін атады және тек осыдан кейін ғана армандарының шыңы болған нәрсені сұрады: Раббының оларды тура жолда берік ұстауын және болашақта одан ауытқымауға көмектесуін.
Олар негізгі нәрсені, мүмінді бәрінен де көп алаңдатуға тиіс нәрсені сұрады. Жердегі өмірді лайықты, ізгі және дұрыс өткізуді, қиямет күні табысқа жеткендер мен құтылғандар қатарында болуды сұрады. Бұл игілікке тек Алла Тағала көмектескен адам ғана жете алады.
Олар Раббыдан Оның мейірімін де сұрады. Оны тек қалаған адамына беретінін толық сезіне отырып, оны ең ұлы сый ретінде сұрады. Сонда да Ол беретін мейірімдердің белгілі бірін емес, иманды да, таухидті де, пайдалы білімді де, Аллаға мойынсұнудың түрлі көріністерін де қамтитын жалпы мейірімді сұрады. Бұл жақсы істер жасауда және осы дүниеде тура жолмен мүлтіксіз жүруде Алла Тағаланың көмегін, ақиретте мәңгілік бақытқа жетуді білдіретін мейірім. Сондықтан ол мүмін үшін соншалық қымбат және Құдіретті Раббыдан қайта-қайта сұрауға лайық.
Бұл мейірімді тек Ол ғана береді. Сондықтан оны мойындап, Оны ұлықтап: «өз қасыңнан игілік», – деді. Және мұны «Күдіксіз Сен өте берегенсің» деген сөздермен бекітіп, Алла Тағала сипаттарының кемелдігін атап көрсетті, өйткені адамдардың сыйлары Оның сыйларымен салыстырғанда түк емес.
Бұл дұға бізге Алла Тағаланың есімдері мен сипаттарын, сондай-ақ игіліктерін атау Оған дұғамен жүгінгенде Оған жақындаудың көркем жолы екенін еске салады.
Бұл дұға әрқайсымызды Алла Тағаладан тура жолда беріктікті және жердегі өмірдің соңына дейін одан мүлтіксіз жүруде көмекті сұрау қаншалықты маңызды екені туралы ойлануға мәжбүр етеді. Егер Оның ең жақсы құлдары Одан осыны сұраған болса, нәпсіқұмарлыққа берілген және көбіне өз құтылуын ойлағаннан гөрі жалқаулықты артық көретін нәпсісінің қыңырлығына қарсы тұра алмайтын біз сияқты қарапайым пенделер туралы не айтуға болады?..
