2.201 Мұхаммед пайғамбардың ең сүйікті дұғасы
Құранда, «Бақара» сүресінде айтылған бұл қысқа, бірақ мазмұнды дұға – шынайы мүміндердің дұғасы. Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шамамен он жыл қызмет еткен ізгі сахаба Әнас ибн Мәлік Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағалаға ең жиі дәл осы дұғамен жүгінгенін айтатын және бұл таңқаларлық емес.
Ойлары тек дүние істерімен ғана айналысатын адамдар бар. Олар бұл дүниені жалғыз қамына айналдырған және жердегі өмір аяқталатын шектің ар жағында оларды не күтіп тұрғаны туралы ойлауға мүлдем бейім емес. Дүние игіліктері, дүние қамы… Барлық үміттері де дүниемен байланысты. Мұндай адамдар Раббыдан бірдеңе сұраса да, тек өткінші, дүниелік нәрсені сұрайды. Бұл дүниенің құлдары сөгіске лайық. Алла Тағала оларды Өз Кітабында, соның ішінде алдыңғы аятта да бірнеше рет айтады: «Адамдардан кім: “Раббымыз! Бізге дүниеде ғана жақсылық бер!”, – десе, оларға ақиретте несібе жоқ.» (Сүре 2 «Бақара», Аят 200)
Олардың керісінше, дүниелік нәрсенің бәрін тым болмашы санайтын және Құдіретті Жаратушыға жасайтын дұғаларымызда аталуға мүлдем лайық емес деп білетін адамдар да бар. Бірақ Ислам дүниеден бас тартуды уағыздамайды да, көтермелемейді де және Алла Тағала бізге берген, осы дүниедегі тіршілігімізге қажетті игіліктерді пайдалануда сөгетін ештеңе жоқ. Маңыздысы – дүние игіліктері жүрегімізде емес, қолымызда болуын, бізді негізгі нәрседен алаңдатпауын, жақсы істер жасауда кедергі емес, көмек болуын қадағалау. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да сахабаларына Алладан мәңгілік өмірде ғана емес, жердегі өмірде де амандық пен игілік сұрауды үйреткен.
Осылайша, бұл екі топ та мүмін ұстануға тиіс орта жолдан ауытқиды. Бірақ адамдардың тағы бір тобы бар. Олар Алла Тағаланың мақтауы мен разылығына ие болған адамдар. Биік мақсатты бұл жандар дінді жеткілікті терең түсініп, оның мәнін ұққан. Ислам – бұл дүние мен мәңгілік, жан мен тән, материалдық пен рухани. Дініміз шектен шығуды айыптайды және шынайы мүмін одан сақтануға тырысады. Ол соңғы демі біткенше өмірінде жердегі мен көктегінің арасындағы үйлесімді жасап, күннен-күнге сақтауға қамқорлық жасайды.
Бұл адамдар Алла Тағаладан бұл дүниеде де, мәңгілік дүниеде де амандық сұрайды. Бірнеше сөзден тұратын бұл дұға шын мәнінде мүмкін болатын барлық игілікті қамтиды. Өйткені адам бұл дүниеде жақсылық, ақиретте де жақсылық тапса және тозақ отына түсуден құтыла алса, тағы нені қалай алады?
Алла Тағалаға осы дұғамен жалбарынатын мүміндер оның алдында кішіпейілдік пен шынайылыққа толы үндеу айтады: «Раббымыз!» Осылайша олар Оның өздерінің Раббысы, Жаратушысы, Игілік берушісі және құлшылық ететін, Онсыз тұра алмайтын жалғыз Тәңірі екенін мойындайды.
Осы дұға арқылы Алладан бұл дүниенің игілігін сұрағанда, біз шын мәнінде жердегі өмірде бақытты болу үшін қажет нәрсенің бәрін бірден сұраймыз. Сол дұға арқылы мәңгілік дүниенің игілігін сұрағанда, Раббымыздан табыс пен жаннат сұраймыз, қиямет күні біз үшін барлық үміттің күйреуі емес, жердегі өмірден айырмашылығы мәңгі бітпейтін жаңа бақытты өмірдің басы болуын сұраймыз. Оттан құтқаруды сұрағанда Алла Тағаладан бұл дүниеде тура басшылық пен тура жолмен жүруді сұраймыз және Алла Тағала жақсы істер жасауға және күнәлардан сақтануға көмектеседі деп үміт етеміз.
Әр мүмін үшін Алла Тағалаға осындай дұғалармен жүгінуді, Одан бұл дүние мен мәңгілік дүниенің игілігін және тозақ отынан құтылуды сұрауды ұмытпау өте маңызды. Алла Тағала берген мүмкіндіктеріне сай Оған мойынсұнуда талпыныс жасап, еңбегіне шынайы дұғаларды ілестірген мүмін өзіне екі дүниенің бақытына жол ашады.
Құранның ғажайып ерекшеліктерінің бірі – оның бүкіләлемдік сипаты, орын мен уақытқа тәуелсіздігі және жер шарының әр түкпіріндегі мұсылмандар үшін бүгінге дейін өзектілігін сақтаған бұл көркем дұға соның ең жақсы дәлелі.
