2.127 Ізгі амалдардың қабыл болуы және тәкаппарлыққа апармауы үшін дұға
2.128 Бой ұсыну және ізгі ұрпақ үшін дұға
Бұл – көп ғасыр бұрын өмір сүрген Алла пайғамбары Ыбырайымның (оған сәлем болсын) дұғасы; нұры ғасырлар қараңғылығынан бізге дейін жеткен дұға. Ол «Бақара» сүресінде айтылады. Қысқа болғанымен, бұл дұғада зор мағына бар; мұны жалпы Алла Тағала пайғамбарларының, әсіресе Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғаларынан жиі көруге болады. Көптеген шынайы мүміндердің дұғалары қысқа, бірақ мазмұнды.
Ыбырайымның (оған сәлем болсын) бұл дұғасы мұсылманның Алла Тағаладан не сұрауы керектігінің көркем үлгісі.
«Раббымыз! Бізден қабыл айла», – деп ол бір күні ұлы Ысмайылмен (екеуіне де сәлем болсын) бірге жалбарынды; Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) те Ысмайылдың ұрпағынан. Бұл екеуі ізгі, лайықты және Алла разы болатын іспен – Қағбаны тұрғызумен айналысып жүрген сол алыс заманда болған еді. Сөздеріміз бен істерімізді бізден қабыл ет. Жақсы ниеттерімізді, дұғаларымызды және жалғыз Саған арналған шынайы құлшылығымызды қабыл ет.
Бұл біз үшін маңызды сабақ. Егер Алланың ізгі пайғамбары кішіпейілдік, әдеп және мойынсұну танытып, Алла Тағала оның еңбегін қабыл етпей қала ма деп қорыққан болса, біз сияқты қарапайым пенделер туралы не айтуға болады?.. Әрқайсымыздың істеріміздің нәтижесі қандай болатынын ойлап алаңдауға және олар кемелдіктен өте алыс деп санауға әлдеқайда көп негізіміз бар.
Жай ғана жақсы іс жасау жеткіліксіз. Оған, кімнің ризалығы үшін жасалса, Сол Заттың оны қабыл етпей қалуынан қорқу және Оның разылығына үміт ілесуі керек. Әрине, Алла Тағаланың оны қабыл етуі және бекер кеткен еңбекке айналмауы үшін дұға да. Өйткені ісіміз қабылданбаса, оның сауабын көрмейміз және ол біз үшін табысқа, құтқарылуға және жаннатқа апаратын жолдағы кезекті қадам болмайды.
Осылайша, жасаған жақсы істерінің қабыл болуын Раббысынан сұрау әр мүміннің әдетіне айналуы керек. Өйткені жақсы істің жасалуы оның Алла Тағала тарапынан қабыл етілетініне кепілдік бермейді. Оның үстіне, бұл істерді жасауға және олардың қабыл болуына біз мұқтажбыз, ал Алла Тағала ешкімге де, ешнәрсеге де мұқтаж емес.
Ыбырайым (оған сәлем болсын) тек жалбарынумен шектелмеді. Ол дұғасының алдында иманды, кішіпейілдікті және Алла Тағалаға мойынсұнуды білдіретін үндеу айтты. Біз де Жаратушыға дұғамен жүгінгенде Оған деген әдептің осы көркем әрі маңызды көрінісін ұмытпауымыз керек.
Сонымен қатар, бұл дана пайғамбар дұғасында оның мәніне аса сай келетін Алланың екі есімін атады: «Күдіксіз Сен тілекті тым естуші, толық білушісің.» Сен мүлдем бәрін естисің және білесің. Дұғамызды естисің, жүрегіміздегіні білесің. Ойларымыз бен ұмтылыстарымызды, қаншалықты шынайы екенімізді білесің. Саған мойынсұну дәрежеміз Саған мәлім, Сен біз туралы тіпті өзіміз білмейтінді де білесің.
Кішіпейілдік пен мойынсұнудың тағы бір көрінісі – тәубенің қабыл болуы үшін жасалған дұға. Алланың құлы жақсы істерінде және Алла Тағалаға құлшылығында жиі кемшілік жіберетіндіктен, оның Раббысына тәубе етуі және осы немқұрайлылық, қате, жаңылыс және құлшылығын кемшін, толымсыз ететін барлық нәрсе үшін Одан кешірім сұрауы әбден табиғи.
Ыбырайым (оған сәлем болсын) дұғаның бұл бөлігін де мазмұнына дәл келетін Алла Тағаланың екі есімімен аяқтады: «Күдіксіз Сен тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімдісің.» (Сүре 2 «Бақара», Аят 128) Бұл жағынан да біз одан және Алла Тағаланың басқа пайғамбарларынан (бәріне де сәлем болсын) үлгі алуымыз керек.
Бұл аятты әр оқығанымызда ұлы іспен айналысқан ұлы адамның осы ұлы дұғасының маңызды мазмұны туралы ойланып, одан үлгі алуға тырысуымыз керек. Өйткені жол көрсетуші жұлдыз шексіз мұхитта кемеге бағытынан адаспауға көмектесетіні сияқты, пайғамбарлар да басшылығымен адамзатқа тура жолмен жүруге көмектескен.
