28.16 Мұса пайғамбардың мысырлықты өлтіргеннен кейінгі дұғасы
Қарапайымдылығы мен қысқалығымен көркем, шынайылыққа толы бұл дұға Алла Тағала Кітабы бізді таныстыратын дұғалардың бірі. Бұрын, біз дүниеге келгенге дейін әлдеқашан бұл дұғамен Алла Тағалаға Оның ең ұлы әрі ең белгілі пайғамбарларының бірі жүгінген. Бұл – пайғамбар Мұса (оған сәлем болсын).
Құран дұғалары – осы дүниеде жолымызды жарықтандыратын және жердегі тіршілігіміз бойы бізді қоршаған бүліншілік пен азғырулар қараңғылығында жоғалмауға, адаспауға көмектесетін маяктар. Олар бізге Раббыны және қиын, берекелі күндерде Оған дұғамен жүгіну қажеттігін ғана еске салмайды. Шын мәнінде олар бізге дұрыс ойлауды үйретеді, дүние мен ондағы рөліміз туралы түсініктерімізді түзетеді. Бұл дұғалар бізді бағыттайды, басымдықтарды белгілеуге көмектеседі, маңызсыз және қажетсіз нәрсені тастап, негізгі нәрсеге – әлемдердің Раббысынан нені сұрау және не үшін еңбек ету керегіне зейін қоюды үйретеді.
Бұл дұғалар мұсылман үшін адал көмекші болады, Құдіретті Жаратушымен байланысты сақтауға көмектеседі. Бәріміз білетіндей, Рабб кереметтер жасай алады және дұға тек Раббының разылығы мен жаннатқа ғана емес, жердегі өміріміздің өзгеруіне, өмірімізде де осы кереметтерден үлес болуына апаратын ең қысқа әрі сенімді жолдардың бірі. Дұға, сөзсіз, азғыру мен сынақтар құйынына төтеп беруге көмектесетін құтқарушы арқан.
Таңқаларлық қарапайым, бірақ жүректен шыққан осы сөздермен ізгі пайғамбар Мұса (оған сәлем болсын) мысырлықты өлтіргеннен кейін Раббыға жүгінді. Мұсаның қандасы, исраилдік, көмекке шақырғанда, Мұса оның шақыруына құлақ асып, оны жәбірлегенді ұрды, сол бір соққымен құлатты. Пайғамбар дереу Раббыдан кешірім сұрады, бұл әрекетті күнә деп санады, өйткені өзіне өлтіру бұйырылмаған адамды өлтірген еді. Осы екпінінен кейін дереу сабасына түскен Мұса (оған сәлем болсын) кішіпейілдікке толды, кінәсін мойындады және Раббыдан кешірім сұрады.
Оның Раббыға осы дұғамен қалай жүгінгенінде Аллаға деген айқын әдеп пен кішіпейілдікті көреміз: Мұса (оған сәлем болсын) алдымен Алла Тағаланың Раббылығын және өз қателігін мойындады, тек содан кейін ғана Оған кешірім өтінішімен жүгінді: «Раббым! Рас өзіме кесір істедім. Мені жарылқа!»
Бұл Рабб өзін кешіргенін білген Алланың пайғамбары еді. Бізге дайындалған тағдырды және жолымыз қайда – жаннатқа ма, тозаққа ма апаратынын білмейтін біз туралы не айтуға болады? Бұл әр мүмін үшін маңызды сабақ: күнәларына немқұрайлы қарамау, оларды болмашы деп санамау және өзіне тым сенбеу, Раббымыз Өзіне мейірімді жазғандықтан және мейірімі ашуынан озғандықтан біздің ешқандай еңбегімізсіз жаман істерімізді міндетті түрде кешіреді деп ойламау. Өміріміз кез келген сәтте үзілуі мүмкін, кері жол мен екінші мүмкіндік болмайтын дүниеде бүгінгі күнмен өмір сүріп, болашақ, ақирет тағдыры туралы ойламау көрегендік пе?..
Бұл дұға бізге күнәні мойындауды, жасалғанына өкінуді, оны тоқтатуды және болашақта оған қайтпауға берік ниет етуді білдіретін шынайы тәубенің маңызын үйретеді. Сонда тәубеге асығу керек, өйткені адам өзіне қанша уақыт берілгенін білмейді және тәубені кешіктіріп, тәубе етуге үлгермей осы дүниеден өтуі мүмкін.
Адамнан (оған сәлем болсын) бастап Алла Тағала пайғамбарлары мен елшілері Раббыға тәубе етіп, Одан кешірім сұраған, бұл ізгі, тақуа әрі дана адамдар біз үшін үлгі болды.
Әр мүмін үшін күнәлардан тыйылу және Алла Тағалаға қарсы келмеуге тырысу маңызды. Бірақ егер ол бәрібір сүрініп, Аллаға ұнамайтын іс жасап қойса, ол үшін ең дұрыс әрі ең табиғи нәрсе – тәубеге асығу, Мейірімді Раббыға жалбарыну, кінәсін мойындау және шынайы, бүкіл жүрегімен Одан кешірім сұрау. Өйткені күнә Рабб тарапынан кешірілсе, ол мүлдем болмағандай. Раббының разылығына, құтылуға, табысқа және жаннатқа жеңіл адымдау, әрине, күнәлар жүгі астында иілуден әлдеқайда оңай.
