Залымдармен бірге болмау үшін дұға (7:47)

Құран дұғалары

20

7.47   Залымдармен бірге болмау үшін дұға

Әғраф  (Биіктіктер)

۞رَبَّنَا لاَ تَجْعَلْنَا مَعَ الْقَوْمِ الظَّالِمِين
Раббана ла таж'ална ма'ал-қаумиз-залимин
Раббымыз! Бізді залым елмен бірге қыла көрме!

Бұл – Құранда айтылған, ерекше бір топ адамдар Алла Тағалаға жүгінетін дұға. Ол «Ағраф» сүресінде келтірілген. Бұл дұға басқа қырларымен қатар жердегі тіршілігімізге емес, мәңгілік дүниеге қатысты болуымен де назар аударады. Бұл – қиямет күні жақсы және жаман істері тең болатын адамдардың дұғасы.

Біраз уақыт тозақ пен жаннат арасында қалып, олар ақырында жаннатқа кіреді. Тозақ отының тұрғындарын және олар ұшырайтын азаптарды көріп, бұл адамдар үрейге түседі және қорқынышқа беріліп, Раббысына жалбарынуға, Одан мейірім сұрауға асығады. От ішінде бұл бұзылған және қарайған жүздерді көрген кім олардың орнында болғысы келеді?

Үмітке толы, толығымен жалғыз Оған тәуекел еткен, барлық үмітін тек Оған байлаған, дұғасында толық шынайы болған, жаннат пен тозақ арасында ұсталған бұл адамдар Оған осы сөздермен жалбарынады.

«Раббымыз!» – дейді олар кішіпейілдікпен және қорқынышпен. Мейірімін тілеп отырған Жаратушымыз, Онсыз қазір бар ештеңе бола алмайтын Бәрін ұстап тұрушы, билігі барлық жаратылысына жайылған, Ол үшін мүмкін емес және ауыр ештеңе жоқ, дүние мен мәңгілік бақытты аңсағандар кішіпейілдікпен жалбарынатын Зат!

Олар жердегі өмірде жасаған қателіктеріне қарамастан Оның өздерінің Раббысы екенін ұмытпағанын көрсетті және мұны дұғаның ең басында атады, осылайша Оған жақындауға, Оның ықыласын табуға және дұғасына жауап алуға үміттенді.

Бұл адамдардың күйін елестету қиын емес, өйткені сөз олардың болашағы туралы, және жердегі өмірді құрайтын бірнеше жыл немесе онжылдықтар туралы емес, мәңгілік туралы. Мәңгілік рахат немесе мәңгілік азап. Мәңгілік бақыт немесе мәңгілік ауыртпалық. Табыс немесе құрдымға кету. Жаннат бақтары немесе тозақ оты. Екеуінің бірі күтіп тұрғанын біліп, бірақ оған қай тағдыр дайындалғанын білмеген адам нені сезінеді?..

Бұл дұға олар үшін қаншалықты қымбат еді!

«Бізді залым елмен бірге қыла көрме!» Бізді өздеріне зұлымдық жасаған және ашуыңды өздеріне тартқандардың қатарына қоспа. Бізді кәпірлігімен, бағынбауымен және күнәларымен Отта қалуға лайық болғандардан қылма. Бізді қазір көзіміз бағытталған және бізге соншалық жақын азап шегіп жатқан бақытсыз адамдарға қоспа. Өздеріне берілген құтылу мүмкіндігін қолдан шығарғандар, жердегі өмірін мақсатынан тыс пайдаланғандар, өмірі әділетсіздікпен суарылған және сонымен мөрленгендермен бірге болмайық! Біз басқа тағдырды, тақуа мүміндердің, разы болған және жаннатыңмен құрметтегің келген шынайы құлдарыңның тағдырын қалаймыз.

Сәл ойланса жеткілікті, бұл дұға әрқайсымыз үшін қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін. Әр мүміннің әлемдердің Раббысынан құтылу мен жаннат сұрауға толық негізі бар. Өйткені ешқайсымызға құтылу мен табысқа кепілдік берілмеген. Бұл дұға мұсылманның қаруы қатарында міндетті түрде болуы керек.

Мәңгілік дүниеде залымдардың тағдырын бөліспеу және қиямет күні олардың қатарында болмау үшін бұл дүниеде олармен бірге болмауымыз керек. Бекер: «Жақсымен жүрсең жетерсің мұратқа, жаманмен жүрсең қаларсың ұятқа», – демеген. Егер адам залымдардың ортасын артық көрсе және мұндай орта оған тақуа да ізгі адамдардан тұратын ортадан қымбат болса, істерінің қандай нәтижесін күтеді? Оның түсінігінше, жердегі өмірінің нәтижесі қандай болуы керек? Ол екі мекеннің қайсысына ұмтылады?.. Мұндай таңдау жасап, ол өзін өте үлкен қауіпке ұшыратады.

Бұл дұғаны айтқанда Алладан бізді әділетсіздіктен алыстатуды ғана емес, залымдардың тағдырынан да сақтауды сұраймыз. Мүміннің міндеті – мұндай адамдармен бұл дүниеде де, мәңгілік дүниеде де бірге болмау, өйткені олар өздеріне қосылғанның бәрін түбіне тартады.

Бұл дұға бізге жаман соңға апаратын барлық нәрседен, яғни Алла Тағала разы болмайтын сөздерден, істерден және мінез-құлық қасиеттерінен сақтануды үйретеді.

Әрине, Алладан залымдар қатарында болмауды ғана емес, тіпті олардың жанында да болмауды сұрауды; өйткені бұл ұмтылуға тұрарлық көршілік емес.